21 Мамыр, 2015

Қырылған киіктің саны 20 мыңға таяды

276 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қостанай облысының оңтүстігіндегі Амангелді ауданында киіктің қырылуы тоқтамай тұр, қайта үдеп бара жатқан сыңайы бар. Мамандардың мәліметінше, өлген киіктің саны бір күннің ішінде екі есе көбейіп, 20 мыңға таяды. Көміліп, жойылған өлексенің саны 19 231 деп хабарланды. Алдын ала белгілі болған мәліметтерге сүйенсек, олардың жаппай қырылуына пастереллез ауруы себеп болуы мүмкін. Бірақ бұл нақты дәлел емес. Киік өле бастаған мамыр айының 11-13 күндері киік жайылған жердің топырағынан, суынан, өлекселердің биологиялық материалынан сынамалар алынып, республикалық лабораторияға жіберілген болатын. Оның сараптау, зерттеу қорытындысына біршама уақыт керек болғандықтан, дала сұлуының нақты неден қырылу себебі әзірше анықталмай отыр. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы мамандарының мәліметінше, «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватының Амангелді ауданындағы бөлігінде 80 мыңдай киік жайылатын. Қазіргі таңда төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстары жүргізілуде. Оған 515 адам және 76 техника жұмылдырылған. Өңірдің оңтүстігіндегі Амангелді ауданының аумағында арнайы лагерьлер құрылып, 100 адам орналастырылды. Түнде түнеу үшін аудан әкімдігі 3 киіз үй, Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаменті – 3, Қостанай облысы төтенше жағдайлар департаменті асханаға арналған – 1, №6697 әскери бөлімі 6 шатыр тікті. Олардың үшеуі қосалқы мақсатта. Жеке құрам ауыз су, техника және жанармаймен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, аудан әкімдігі, аталған әскери бөлім және «Алтын дала» мемлекеттік табиғи резерватының көмегімен 3 тамақтандыру пункті жұмыс істеуде. Облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов аппарат мәжілісінде егер киіктің қырылып жатқаны жұқпалы аурудан бола қалған жағдайда, оның адамдарға жұқпауы үшін барлық алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Қазір резерваттағы оқиға болған жерде облыс әкімінің орынбасары Базыл Жақыпов жетекшілік ететін, құрамында түрлі ведомстволардың мамандары бар арнайы комиссия да жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, резерват орналасқан Амангелді, Жангелдин аудандары басшылары да оқиға болған жерде жүр, мүмкіндігінше барлық көмектерін көрсетуде. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Қостанай облысы, Амангелді ауданы.